АуылБасты жаңалықтар

Қиылда 3 қабатты мектепте 5 оқушы оқиды

Қиыл ауылы аудан орталығынан 90 шақырым жерде орналасқан. Батыс Қазақстан облысына шекаралас жатқан елді мекеннің бүгінде сиқы қашқан. Қазір Қиылда қалған 58 үйдің 25-інде ғана адам тұрады. Ауылда жұмыстың жоқтығынан тұрғындар өзге жаққа қоныс аударуға мәжбүр.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

5 оқушыға 10 адам қызмет етеді

 Кезінде 400 балаға арнап салынған типтік үлгідегі үш қабатты зәулім мектепте қазір 5 оқушы ғана білім алады. Бұл — Қиыл бастауыш мектебі. Жыл сайын ауылдан көшетіндер қатары көбейсе, Қиыл бастауыш мектебіне қауіп төнеді. Бүгінде бұл мектеп жабылудың аз-ақ алдында тұр.  Мектептегі оқушылардың 3-еуі — бірінші, ал қалғандары — екінші сыныпта оқиды. Ауылда үшінші, төртінші сыныпта оқитын бала жоқ.

Бастауыш мектеп негізінде жұмыс жасап жатқанымызға биыл екінші жыл. Оқу бағдарламасы бойынша барлық сабақтар жүріп жатыр. Десек те еңбекке баулу, музыка, бейнелеу өнері секілді пәндерді екі сыныптың оқушыларына біріктіріп өткіземіз. Оқушылар бір кезеңде оқиды. Сабақ ұзақтығы — 45 минут. Екінші сыныптың оқушыларына сабақ таңғы сағат 8.30-да басталса, бірінші сынып оқушылары екінші сабақ басталатын мезгілде мектепке келеді, — дейді Қиыл бастауыш мектебінің меңгерушісі Баян Тайкенова.

Мектептің іргетасы 1978 жылы қаланыпты. Ол кезде оқушылар екі кезеңде оқыған. Кейін бала саны азайып, төрт жыл бойы негізгі мектеп мәртебесіне ие болған білім шаңырағының қазір 1115 шаршы метр аумағы, яғни бірінші қабаты ғана пайдалануға берілген. Екінші, үшінші қабаттары жабық тұр. Бірінші қабаттың екі сынып бөлмесінде ғана сабақ өткізіледі. Қалған бөлігіне ауылдық кітапхана мен шағын орталық орналасқан. Қазір бұл орталықта мектеп жасына дейінгі 9 бала тәрбиеленіп жатыр. «Мектепте аз қамтылған отбасынан шыққан бала жоқ. Сондықтан асхана жұмыс жасамайды. Байланыс болғанмен, интернет жоқ. Интернет қажет болса, аудан орталығына барамыз», — дейді мектеп меңгерушісі.

Қиыл бастауыш мектебінің штатына 10 адам тіркелген. Оның үшеуі — мұғалім, 4-еуі — от жағушы, біреуі — еден жуушы, қалғандары — күзетші.

Ең басты мәселе — ауылда бала саны аз. Шамамыз келгенше мектептің жабылмауына күш салып жатырмыз. Баласы осында оқитын ата-аналарды жұмысқа тарттық. Егер мектеп жабылса, бастауыш сынып оқушыларын оқытуда ата-анаға қиындық туады. Ауыл мен аудан орталығының арасы — 90 шақырым. Жақын маңда мектеп түгілі ауыл жоқ. Интернаты бар Қызылту ауылының өзіне аудан орталығы арқылы жетесің. Оның үстіне, кішкентай бала интернатта жатып оқи алмайды. Ауылда жұмыс болмағасын, көпшілігі балаларын өзге жерде оқытуға мәжбүр. Ауылға жас маман келмейді. Келгенмен, оларға жұмыс жоқ, — дейді Баян Тайкенова.

Бұл мектепте ұлттық бірыңғай тестті соңғы рет 2010-2011 оқу жылының түлектері тапсырған. Мектеп 2013-2014 жылы аттестациялаудан өтіпті.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бір кездері аудан мұғалімдеріне, әсіресе, биологтарға осы мектепте семинар-кеңестер өткізілген. Себебі ботаникалық бағымен аудандағы алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі болған Қиыл мектебінің ауласында қазір тоз-тоз болған жылыжай кешенінің орны ғана қалыпты. Айтып отырса — бәрі ертегідей. Десек те сол ботаникалық бақтан қалған гүлдер қазір мектептің кіреберісінде  тұр.

Мұндағы тәжірибелі мұғалімдердің бірі кезінде Қиыл өңірінде Ақтөбе мен Оралдың, көршілес Ресейдің әскерилері арнайы жаттығудан өтіп, талай мәрте осы мектептің асханасынан дәм татып, спорт залында түнегенін айтады. Қазір сол даңғарадай спорт залда бес оқушы ғана доп теуіп жүр.

 Несие қолға тимей тұр…

 Жыл басынан бері  Қиылда бір ғана адам мемлекеттік бағдарламаға қатысуға ниет білдіріпті. Оның өзі несие қаражатын әлі қолына алмаған.

Ауыл тұрғыны Орынбасар Өтәлиев жақында «Аян» жеке кәсіпкерлігін құрып, «Жұмыспен қамту — 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға бел байлайды. Бастапқыда 900 мың теңге көлемінде несие алуға тапсырыс берген оның бұл ойы іске аспады. Себеп — кепілгер адам  таппаған. Сөйтіп, кепілге баспанасын қойып, 600 мың теңге алуға қайта тәуекел жасаған  Орынбасардың несие құжаттары қазір қаржы институтының тексеруіне жіберіліпті. «Алдағы уақытта жеке үйімнің ауласынан мал бордақылау алаңын салуды жоспарлап отырмын. Құжаттарымды түгел тапсырдым. Несие қаражаты 4-5 ірі қара сатып алуға ғана жетеді. Малды Батыс Қазақстан облысы, көрші ауылдардан алуға тапсырыс беріп қойдым. Қаражат қалай қолыма тисе, солай барып мал аламын. Қиыл — мал ұстап, бағуға өте қолайлы жер. Етекте Қиыл өзені ағып жатыр. Судан тапшылық жоқ», — дейді Орынбасар.

Орынбасардың қорасында әжептәуір малы бар. Несие қаражатына алынатын мал — тек қосымша ғана. Болашақта мал басын көбейтуді ойластырып отырған ол арзан пайыздық үстемеақымен несие беретін мемлекеттік бағдарлама туралы ауылға келген қаржы институты мамандарынан естіп, біліпті.

Қазір Орынбасар Қиыл бастауыш мектебінде от жағады. Бұл — маусымдық жұмыс қана. Сонымен қатар, ол ауылдағы қосалқы стансада қосымша жұмыс атқарады.

«Ауылдан қоныс аударамын…»

Құрамына Қиыл ауылы ғана кіретін Исатай ауылдық округінде қазір 160  адам ғана тұрады. Қағаздағы мәліметтерге сүйенсек, округ аймағында жұмыс жасап жатқандардың саны — 24, ауылдан тыс жерлерде 74 адам еңбек етеді. Ауыл әкімі Абдулла Ақылбековтың айтуынша, оқу жылы басталар тұста тұрғындар үдере көшіп, жаз шыға ауылға қайтатын көрінеді. «Жаз бойы мал бағып, үйрек-қаздарын өсіреді. Қыстай қалада болып, бала оқытады. Тұрғындардың осылай ауылдан кетуінің себебі — жұмыссыздық», — дейді ауыл әкімі.

Биыл аудандағы «Қазақ асылдары» ЖШС Қиыл өңірінен 8 мың гектар жер алыпты. Серіктестік бұл маңда жылқы, қой өсіреді. Егер бұл жоспар ойдағыдай орындалса, ауылдағы он шақты адамды тұрақты жұмысқа қамтудың мүмкіндігі туады.   А.Ақылбеков бұдан өзге «Аюп», «Туған жер» шаруа қожалықтары да жергілікті тұрғындарды жұмысқа тартуға ықпал етіп отырғанын айтты.  Ал Қиыл өзені бойында шаруашылығын жүргізіп отырған кәсіпкер алдағы уақытта жол бойынан кемпинг салуды жоспарлайды. Жарық көздерін тартып, сол жерден сервистік қызмет ашуды да ойластырыпты.

«Аюп» шаруашылығы иелігіндегі техникалар қыс бойы Қиылда тұрады. Самара-Шымкент тасжолы мен ауыл арасындағы 4 шақырымдық жолдың қарын тазалауға тұрғындар осы  техникаларды пайдаланатын көрінеді. Бұдан өзге  кәсіпкердің ауылдықтарға арзан бағасына көмір жеткізіп, астықтан көмек беріп отырғанына жергілікті тұрғындар дән риза.

Қадырғали Жанғазиев, ауыл тұрғыны:

— Қиылда жетпісінші жылдан бері тұрамын. Осы өңірде жылқы, қой бақтым, кейінгі жылдары трактор жүргіздім. Кезінде ауылдағы үздік механизаторлардың бірі болдым. Жұмыссыз қалған қиын екен. Зейнеткерлікке шығуыма он айдай уақыт қалды. Мектепте жұмысшы едім, қысқартуға ұшырадым. Кейін биржа арқылы алты айдай жұмыс жасадым. Енді жұмыс жоқ. Ауыл адамдары өз күшімен шөп шауып, мал бағып отыр. Бау-бақша екпейміз. Суды құдықтан аламыз. Су 13 метр тереңдіктен шыққанмен, онша тұщы емес, әзірге ішіп жатырмыз. Биыл ауылдан көшуге бел буып отырмын. Жиенімді оқыту керек. Өйткені биыл ауылдағы мектеп жабылады деген сыбыс бар. Сол үшін Ақтөбе қаласы маңына көшемін. Жер алу кезегіне тұрдым. Әзірге үйді жалдап тұрамыз.

P.S. Қиыл  болашағы жоқ ауылдардың қатарына жатпайды.  Десек те бұл ауылдың келешегі жуық маңда оңала қоймайтыны көрініп тұр…

 Арайлым НҰРБАЕВА,

Қобда ауданы.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button