Беріктің бөденелері

Құс шаруашылығына жататын бөдене өсіру ісі елімізде кенжелеп болса да дамып келеді. Бүгінде Желтау селолық округіне қарасты Петропавл ауылының тұрғыны Берік Каналин өз ауласында 300-ге тарта бөдене өсіріп, оның жұмыртқасын жергілікті дүкендерде саудаға шығарып жүр.
«Ханның асын» халқымыз енді ұққандай…
Беріктің бұл кәсіппен айналысқанына төрт жылдай уақыт болды. Оның мұндай сирек кездесетін кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, бұл іске ден қоюының да өзіндік сыры бар. «Ертеректе бөдененің жұмыртқасы «ханның асы» саналған. Ел басқарған патшалар денсаулығы мықты болу үшін осы киелі құсты баптап асырап, жұмыртқасын жеген. Бөдененің жұмыртқасы адамның ойлау қабілетін арттырып, ағзаны түрлі жұқпалы аурулардан қорғайтынын, сүйектің болаттай шымыр болатынын білген. Тарихта кезінде Шыңғыс ханның өзі жаралы жауынгерлеріне бөдене жұмыртқасын ішкізген деген деректер бар. Халқымыз бөдененнің қасиетін, оның денсаулыққа пайдасын енді ғана түсініп, біліп жатыр. Қазір бөдененің жұмыртқасы бұрынғыдай емес, қолжетімді. Сауда нүктелері мен базарлардан бөдене жұмыртқасын жиі кезіктіруге болады», — дейді Берік.
Кәсіпкердің айтуынша, жері шұрайлы, табиғаты таза Петропавл ауылы бөдене өсіруге қолайлы жер.
— Бөдене жұмыртқасының денсаулыққа пайдасы туралы газет-журналдардан жиі оқитынмын. Бірде бір танысым көлік апатынан қатты науқастанды. Дәрігерлер оның жамбас сүйегі сынып, талақ пен бүйрегінің жарылғанын, жүйке талшықтарына айтарлықтай зиян келгенін айтқан. Әлгі танысым бойындағы ауруына шипа іздеп, біраз жерге барды. Алайда ем қонбады. Содан аяғын басудан қалды. Ақырында жора-жолдастарының айтуымен Ресейдің Саратов қаласына барып, ондағы емдеу-сауықтыру орталықтарының бірінде бөдененің жұмыртқасымен ем қабылдапты. Екінші топтағы мүгедек деп танылған танысым көп ұзамай ауруынан айығып, аяғынан тұрып кетті. Кейін ол мемлекеттен мүгедектікке байланысты жәрдемақы алудан бас тартып, бөдене бизнесін бастауға кірісті. Осы таңғажайып оқиға мені де қатты ойландырғаны рас. Осылайша кәсіп ашып, іс жүргізуге кірістім, — дейді Берік.
«Күркетауық асырап, балапан да сатамын…»
Берік бөдене өсірудің қыр-сырын біраз зерттеді. Ол бөдененің нағыз бизнестің көзі екенін түсінді. Қасиетті Құран Кәрімде де бөдене туралы жазылған жолдарды оқығанда, оның бұл кәсіпті меңгеруге деген құлшынысы одан әрі арта түсіпті.
Қазір Беріктің ауласындағы арнайы жылытылған қорада 300-ге тарта бөдене өсіп жатыр.
— Бөдененің санын көбейтуге болар еді, дегенмен жеке үйдің ауласында санитарлық жағдайды сақтау қажет. Бөденелерімнің санын көбейту үшін ауыл шетінен құстарға жай салуым керек, — деп кәсіпкер жігіт алдағы өз жоспарымен бөлісті.
Бес баланың әкесі Берік Каналин бастапқыда бөденені тек отбасы үшін ғана өсірген. «Бұған дейін де құс шаруашылығымен айналысқан едім. Орынбордан инкубатордан шығарылған балапандарды тасымалдап, саттым. Инкубатордан шығарылған балапан да бірнеше түрге бөлінеді. Дегенмен бұл кәсіптен біржола қол үзген жоқпын, уақыт тауып, арасында Орынборға қатынаймын. Инкубатордан шығарылған балапандарды тұрақты алушыларым да бар. Сондай-ақ, етке өткізу үшін күркетауық та асыраймын», — дейді Берік.
«Құс фермасын ашамын…»
Қазір Желтау селолық округіне қарасты Петропавл ауылының тұрғындары «Жұмыспен қамту — 2020» мемлекеттік бағдарламасының шарапатын сезініп жүр. Былтыр осы бағдарлама арқылы ауылдағы он адам ісін алға жылжытса, биыл несие алуға 15 адам тапсырыс беріп қойыпты. Соның бірі — кейіпкеріміз Берік Каналин.
Қазір Беріктің өсіріп отырған бөденелерінің жұмыртқасы, күркетауық еті Ақтөбе қаласындағы ірі әмбебап дүкендер желісіне тұрақты тасымалдануда. Сондай-ақ, Берік бөдене етінің бір келісін 3 мың теңгеге бағалап, «таңсық ас» ретінде мейрамханаларға өткізеді. «Тапсырыстың көптігінен, үлгере алмай жатырмын. Болашақта бұл кәсіпті кеңейту ойымда бар. Биыл ауыл шетінен жер алып, құс фермасын ашуды жоспарлап отырмын. Ол үшін «Жұмыспен қамту — 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысамын. Фермаға жарық жүргізіп, көгілдір отын құбырын тартуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін болып шешілді», — дейді кәсіпкер.
Жұмыртқаға байланысты 12 заң
Бөдененің жұмыртқасы бүлдіршіннің жұдырығындай болғанымен, дәрумендерге бай, жұғымды. Онда амин қышқылы, микроэлементтер жеткілікті. Дәрумендік құрамы жағынан тауық жұмыртқасына қарағанда үш есе құнарлы. Бүгінде бөдене жұмыртқасын Қытай медицинасы кеңінен пайдаланатын көрінеді. Зерттеулерде бөдененің жұмыртқасы адамның жүрегі мен ағзасындағы темірді, радионуклидтерді шығарады, иммунитетті күшейтеді. Пісіріп жеу үшін жұмыртқаны бес минут суда қайнатады, одан әріге қайнатса, жұмыртқаның құрамындағы дәрумендер жойылып кетеді. «Емдік үшін он күндік жұмыртқалар тұтынылады. Жұмыртқа неғұрлым көп сақталса, соғұрлым оның бойындағы дәрумендер азаяды», — дейді құс асыраушы.
Бөдене өсіруді алғаш қолға алған — жапондықтар. Жапониядағы 1945 жылғы Нагасаки, Хиросима трагедияларынан кейін бұл мемлекет бөдененің жұмыртқасын балаларға ішкізуді міндеттеген 12 заң қабылдапты. Ем қабылдағанда, бөдененің жұмыртқасын шикілей ішеді. Жұмыртқа бөлме температурасында 30 күн, тоңазытқышта 60 күнге дейін бұзылмай сақталады. Диатезге, асқазан, ішек ауруларына мың да бір ем. Тіпті жапондықтар бөдене жұмыртқасын тұрақты тұтынған науқастың қатерлі ісіктің өзінен айығатынын дәлелдеген көрінеді. Кейбір елдерде бөдене жұмыртқасын жаңа туған сәбилерге де ішкізеді.
P.S: Иә, бөденеден де баюға болады. Тарихи жазбаларда бөдененің еті мен жұмыртқасы медицинада қолданылған деген дерек бар. Перғауындар билеген ежелгі Мысыр елі де бөдене етінің түрлі емдік қасиеттерін білген. Ал жапондықтар бүгінге дейін бөдененің шикі жұмыртқасын апельсиннің шырынымен қосып, демікпеге қарсы дәрі-дәрмек ретінде пайдаланады. Бөдененің жұмыртқасын Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында балабақшаларда күнделікті тағам ретінде бүлдіршіндерге береді екен. Игі бастама! Бөдененің жұмыртқасын жеген бүлдіршіннің денсаулығы мықты болмақ. Денсаулығы тепсе темір үзердей, ақылды, ойы жүйрік азаматтары бар елдің де іргесі мықты, еңсесі тік болмақ. Оған Жапонияның тәжірбиесі куә!
Индира СПАНОВА,
Қарғалы ауданы.




Сəлеметсізбе Берік аға! Мен бөдененің балапанын алғым келеді, кішкентай балапанның бағасы қанша,балапанды жеткізіп бере аласыз ба?
8-705-494-5359 нөміріне хабарласыңызшы