Басты жаңалықтар

Пластикалық қалдықтар осылай кәдеге асады

Деректерге сүйенсек, қазіргі таңда ел аумағында 22 миллиард тоннадан астам өндірістік және тұрмыстық қалдық бар.  Оның 7 миллиард тоннаға жуығы қауіпті. Ғалымдардың пайымдауынша,  егер жағдай осылай жалғаса берсе, 2020 жылға қарай қалдық 28 миллиард тоннаға жетуі мүмкін. Ал оларды қайта өңдеу ісі елімізде дамымаған.

Өндірістік қалдықтар өз алдына, тұрмыстық қалдықтарды да кәдеге жарата алмай келеміз. Мәселен, Швейцарияда әрбір тұрғын қоқысты сұрыптап төгуге міндетті екен. Яғни әйнекті әйнек, қағазды қағаз, пластикті пластик төгетін жәшікке бөлек салады. Нәтижесінде әйнек сауыттардың 90 пайызы, қағаз өнімдерінің үштен бірі қайта өңделеді. Ал біздің елімізде ше? Тұрмыстық қалдықтар сұрыпталмақ түгілі, оның 15 пайызы ғана өңделіп, пайдаға жарайды.

Соңғы жылдары ғана Үкімет осы мәселеге көңіл бөліп жатыр. Аталған шаруаны қолға алған іскер азаматтарға  индустриялық-инновациялық даму және «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша қаржылай көмек көрсетіле бастады.

Осы бағдарлама арқылы қолдауға ие болғандардың бірі — «Тенуса» ЖШС-ның бас директоры, ақтөбелік кәсіпкер Ғанижан Бақытжанов. Ол қалдықтарды қайта өңдеу зауытын ашпақ. Зауыттан шыққан коммуналдық шаруашылықтарға қажетті өнім жүз пайыз қазақстандық мазмұнға ие болмақ.

Өндіріс 23 қарашада іске қосылады. Сонымен…

 

Тың жоба

 

Отандық өнім шығаруды қолға алмас бұрын, 2005 жылы Ғанижан Бақытжанов  «Тенуса» серіктестігін құрып, Ресей, Қытай секілді көрші елдерден құрылыс және ауыл шаруашылығына қажетті материалдарды әкеліп сатумен айналысты. Өзге мемлекеттермен іскерлік байланыс орната жүріп, оларда жасалған дүниені өз жерімізде де шығаруға болатынына көз жеткізді.

Алғаш шаруашылықты қолға алған кезде отандық өнім өндіру туралы ой болғаны рас. Бірақ істі бірден іліп әкетуге қаржылық жағдайымыз мүмкіндік бермеді. Шаруамызды бір ізге келтіргеннен кейін инновациялық тың жоба ойластыра бастадық. Ол жобаны жүзеге асыру кезінде қомақты қаржы кетпейтін және бізбен ешкім бәсекеге түсе алмайтын болуы керек деген мақсатты алдымызға  қойдық. Осы орайда  Мәскеудің ғылыми-зерттеу институтына ұсыныс жасап, олардың  әлеуметтік және маркетингтік талдау жұмыстарының нәтижесімен таныстық. Нарықтық экономикадағы жағдайды сараптай отырып, елімізге қай жағынан да пайда әкелетін жобаны қолға алуды жөн санадық. Пластикалық қалдықтарды өңдеу арқылы коммуналдық шаруашылықтарға қажетті бұйымдар шығарсақ, ұтылмайтынымызды білдік. Жобаны жасауға Мәскеу ғылыми-зерттеу институты көмектесті.  Сөйтіп, осы жылдың қаңтар айында зауыттың құрылысы басталды. Жобаға жұмсалған 110 миллион теңгенің 30 пайызын «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында  «Даму» қорының облыстық филиалы арқылы алдық.

Қазақстанда полимер-композитті өнім шығаратын шағын цехтар бар шығар,  бірақ зауыт әлі салынған жоқ. Яғни, бұндай зауыт елімізде алғаш рет ашылғалы тұр. Өндірісте қазір отыз алты адам жұмыс жасайды. Оның алтауы Ресейден арнайы білім алып келді, — дейді кәсіпкер.

Зауыт кез келген пластикалық, оның ішінде түрлі бөтелкелер мен көлік бамперінің сынықтары тәрізді қалдықтардан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, инженерлік желілерге  қажет қақпақ, құдық сақинасы секілді бұйымдарды шығарады. Неміс және Ресей технологиясы бойынша жасалатын өнімнің сапасы жоғары,  барлық санитарлық талапқа сай болады. Әрі металға қарағанда тиімділігі өте көп.  Мәселен, бетон мен шойыннан жасалатын қақпақ, құдық сақиналары аптап ыстықта ақжем болып күйсе, сары аязда өңін жоғалтып, су тисе, үгітіліп қалады. Ауа райының қолайсыздығынан сақтау үшін олардың сыртын қаптап, үнемі сақтандыру жұмыстарын жүргізіп отыру керек. Ал пластикадан жасалатын өнімге бұндай күтімнің қажеті жоқ, яғни суға, түрлі  химиялық заттарға төзімді келеді. Ұзақ жылға дейін мөрі таймайды.Темір-бетонға қарағанда әлдеқайда жеңіл. Жеке тұрғын үйлердің аулаларына арналған қақпақтарды екі кісінің көтеріп әкетуіне болады. Жүк көтергіш кран жалдап, әуреге түспейді. Және бұрын қолданып жүрген бұйымға қарағанда бағасы екі есе арзан. Мәселен, шойын қақпақтың әр данасы 23-25 мың теңге болса, бұл 7-8 мың теңге тұрады.

 

Ұрлық азаяды. Қоқыс тазарады

 

Ғанижан Қуанышұлының сөзіне сенсек, полимерлі бұйымдарды қай жағынан алып қарасақ та тиімді.

Біріншіден,  жол-көлік оқиғасы мен қара металл ұрлығы азаяды. Себебі кейде тас жолдағы қақпақтар қолды болып, соның салдарынан көлік апаты орын алып жатады. Ал жолдағы құдыққа  жаңа қақпақты пайдалансақ, оның үстіне асфальт төсеуге де болады.

Екіншіден, қала қоқыстан тазарады.

— Тапсырыс берушінің ұсынысы бойынша, бұйым алмасып немесе  жоғалып кетпес үшін мекеменің атын ойып жазып береміз. Ұрланған жағдайда да қайдан алғанын анықтауға болады, — дейді Ғанижан Бақытжанов.

Кәсіпкердің айтуынша, өндіріс толықтай іске қосылған кезде жылына 18 720 дана сақина және 46 800 қақпақ шығарылады. Бұл үшін 800 тоннадан астам  пластик пайдаланылады екен. Қазір зауыт қажетті шикізатты облыс әкімдігінің рұқсаты бойынша Ақтөбе қалалық қоқыс полигонынан алып жатыр. Бұған қоса  серіктестік пластик қалдықтарды қоқысқа тастайтын кез келген өндіріс орындарымен байланыс орнатуға әзір. Яғни арада арнайы келісім жасалып, аптаның белгілі бір уақытында қоқысты зауыт жұмысшылары көлікпен  алып кетеді. Бұл, бір жағынан, қалдық беруші мекемеге де тиімді. Егер олар осы қызмет түрін пайдаланса, полигонға қоқыс төккені үшін төленетін және оны тасымалдауға жұмсайтын қаржыны үнемдейді.  Ешқандай ақы-пұлсыз қоқыстан құтылады. Қазірдің өзінде бірқатар мекемемен  келісім жасалыпты.

Зауыт іске қосылғаннан кейін  қабылдау бекеті ашылып, шағын цехтар жұмыс істейді. Қоқыстар түріне байланысты сұрыпталып, өндіріске жөнелтіледі. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және жұмыс тауып беруші агенттіктер арқылы азаматтарды жұмысқа қабылдаймыз. Өйткені пластиктерді кесетін, іріктейтін,  таситын адамдар керек. Олардың еңбекақысы жұмыстың түріне байланысты 35-70 мың теңге аралығында болады, — дейді кәсіпкер.

Мемлекет басшы­сы­ биылғы Жолдауында инновациялық бағдарламаларды енгізу негізінде ғана экономиканы жандандырып, мемлекетіміздің қарқын­ды  дамуына қолайлы жағдай жа­сауға болатынын айтқан еді. Осы орайда  Ғанижан Бақытжанов жоғары білімді, инновациялық бағытта ғылыми жаңалық ашқан, тың жобалары бар, бірақ оны іске асыра алмай жүрген кез келген азаматқа қол ұшын созуға әзір.

—  Жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері және өзге де азаматтардың  хабарласуына болады. Егер жоба көңілімізден шықса, оны жүзеге асыруға көмектесеміз немесе сатып аламыз. Тіпті арнайы грант тағайындаймыз. Өйткені дамыған елдер осындай жобаларды қаржыландыру  арқылы мемлекетке қыруар пайда әкеліп отыр. Қазіргі таңда біздің елімізде осы бағытта жұмыс жасалып жатыр. Біз де өз тарапымыздан аталған шаруаға үлесімізді қосамыз, — дейді серіктестік басшысы.

 

Тағы екі жоба жүзеге асады

Елімізге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қажетті заттардың негізгі бөлігі Ресей мен Қытайдан келеді. Ғанижан Қуанышұлы зауыт жұмысын жандандырған уақытта Қазақстанды ғана қамтамасыз етіп қоймай, өнімді көрші мемлекеттерге де шығаруға болатынын айтады. Қазірдің өзінде Батыс Қазақстан, Қызылорда, Атырау облыстары мен Ресейдің Орынбор, Самара, Орск қалаларындағы мекемелермен алдын ала келісім жасалған.

— Біз ресейлік әріптестерімізбен кездескенде олар Қазақстанның бұндай өнім шығаратынына күмәнмен қарап, таң қалды. Сондықтан қазір бар күшімізді өндірістің ілгері басуы үшін жұмсап жатырмыз. Алдағы уақытта бұл жобамен тоқталып қалмаймыз.

2012 жылы сантехникалық бұйымдар шығаратын зауыт ашуды көздеп отырмыз. Өйткені мұндай заттарды қазір Қытайдан алып жатырмыз.

Ал 2020 жылға дейін тағы бір өндіріс іске қосылады. Қазір оның жобасы дайындалу үстінде, әзірге қандай өнім шығаратыны құпия болмақ. Екі зауыт іске қосылса, біраз жұмыс орны ашылады,  — дейді кәсіпкер.

Зауыт теміржол бойына салынып жатыр. Бұл өнімді тасымалдауды оңайлатады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

3 Comments

  1. Мен сіздермен байланысқым келеді сіздер секілді қоқыстарды өңдейтін кəсіпорын ақым келеді осы салада кеңесіңіз керек. Көмектесесіздер ма?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button